Қашаған төңірегіндегі дау: істі Жоғарғы сот қарайды


Қашаған төңірегіндегі сот талқылауы жалғасуда. LS тілшісі экология және табиғи ресурстар министрлігінен істің қай кезеңде екенін анықтады.

Ақпаратқа сәйкес, іс Жоғарғы сотқа жетті.

Ведомство "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В." (НКОК) филиалын тексеру нәтижелері бойынша экологиялық заңнама нормаларында әртүрлі бұзушылықтар анықталғанын түсіндірді. Оның ішінде қаржылық жүктеме тұрғысынан ең маңыздысы 1,02 млн тонна көлемінде күкіртті нормативтен тыс орналастыру болып табылады (рұқсат етілген 730 мың тонна кезінде 1,7 млн тонна күкірт орналастырылған).

НКОК тексеру нәтижелеріне Астана сотына шағымданды. Талап ішінара қанағаттандырылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың 10 тармағының үшеуі заңсыз деп танылды.

Экология министрлігі бұл шешіммен келіспеді және апелляциялық шағым берді. 2024 жылдың 27 ақпанында нұсқаманың барлық 10 тармағы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі жойылды.

Мұнымен келіспейтін НКОК өз кезегінде кассациялық шағым түсірді. Өтініш қазіргі уақытта Жоғарғы сотта қаралуда.

Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша НКОК-қа қатысты 10 әкімшілік іс қозғалды. Жетеуі Атыраудың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралуда.

Айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды.

Экология министрлігі қазіргі уақытта басқа мұнай консорциумдарымен сот даулары жоқ деп қосты.

Бұған дейін, LS Қашаған төңірегіндегі сот талқылауының егжей-тегжейін хабарлаған болатын.