Заңға тағы бір ауыр қылмыс қосылады

Қылмыстық кодекске “адам саудасымен байланысты қылмыстар” ұғымы енгізіледі.

Мәжіліс адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, қылмыстық заңнамаға адам саудасының барлық түрлері енгізілді.

Олар:

- мәжбүрлі еңбек;

- жыныстық қанау;

- адам ағзасының бөлшектерін сату;

- нәрестелерді саудаға салу;

- қайыр сұрауға мәжбүрлеу;

Ал Қылмыстық кодекске “адам саудасымен байланысты қылмыстар” ұғымы енгізіледі. Сондай-ақ “адамды қанау” ұғымы кеңейтіліп отыр.

“Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі, яғни “притон ұстау және жеңгетайлықты интернет желісі арқылы жасау” деген жаңа саралау белгісімен толықтырыллы. Осылайша, бұл қылмыс ауыр санатқа жатқызылады”,-деді Сәденов мәжілістің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, Неке және отбасы туралы кодекске приюттер, балалар үйлері және басқа да ұйымдардың тағы бір міндеті енгізіліп отыр. Оларға баланы қалдырған жағдайда дереу прокуратураға хабар берілуі шарт. Осы талап орындалмаса, айыппұл салынады.

Айта кетері, заң тағы екінші оқылымда қаралады. Одан кейін сенаттың қарауына жіберіледі. Ал президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.