Белгілі қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса елде діни ахуал өршіп тұрғанын кесіп айтты. |
Халық қалаулысы діни радикалдарға қатысты заңды күшейту қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мәжіліс депутаты бұл ойын кешегі Ермұрат Бәпидің мәлімдемесінен кейін, мәжіліс отырысында айтты.
«Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті. Өйткені олар ұлтымызды жою күресін қатты қарқынмен жалғастырып келеді. 2011 жылы барлық министрлік, прокуратура, мемлекеттік органдардың барлығы қолдаған кезде кім қарсы болды? Тек ҰҚК қарсы болып, бұл заң енбей қалды. Арам шөптің тамырын жоймаса, ол қайта қаулап өсе береді. ҰҚК өткізген конференцияда сіздер осылай алдап жатырсыздар деп ашық айтқан едім. «Қазақ үні» газетінде «ҰҚК ұлтқа қауіпті комитет пе?» деген мақала да жазғанмын. Енді сол күдігім кешегі қаңтар қасыретінде расқа айналды. 2019 жылы солқылдақ билігіміз осы заңды тағы да қабылдамай қойды. Егер сол заңдар қабылданса, кешегі қаңтар қасыреті, бір ұлтты діни ағымдар арқылы екіге бөлу мәселесі болмас еді. Мұрты жоқ, сақалы сапсиғандар көбейді...», — деп атап өтті депутат.