Талғарда дәрігерлерді марқұмның жақындары соққыға жыққанына қатысты жаңа деректер пайда болды. Зардап шеккен дәрігерлердің әріптесі ақпараттар бұрмаланып жатқанын мәлімдеді. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігер Дәурен Нұрсапа оқиғаны өз Facebook-парақшасында мәлімдеді.
"Кеше жігіттерге бардық. Естерін жиыпты. Сол күні таңертең біздің жас мамандар ауысымға енді ғана кіріскен еді. Олар бұған дейінгі науқастың жағдайынан бейхабар еді. Бірақ кейінірек олар марқұмның туыстарына құжаттарды рәсімдеу үшін басқа мамандарды күту керек екенін түсіндірген, Өйткені бұл олардың қызметіне кірмейді. Ереже бойынша құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Бұған дейін айтқанымыздай науқасты туыстары өте ауыр жағдайда әкелді. Алайда БАҚ өкілдеріне "тірі әкелдік, өлі шығарды" деген мәлімдеме жасаған”, – деді әріптесі.
Айтуынша, дәрігерлер қолынан келгенін жасады, бірақ соңында соққыға ұшыраған. Тіпті бірі реанимацияға түскенін айтты.
“Түсінеміз, жақыныңнан айырылу өте ауыр, бірақ дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Көбісі жас маманымызды әйел деп ойлапты. Ол ешкімге зияны жоқ жас маман. Тіпті ауыр сөз айтып көрген емес. Сонымен бірге анестезиолог Нұрдәулет есінен танып қалды. Оны төрт адам жабылып басынан тепкен. Сол жігіт реанимацияға түсті. Ешкім үшінші қызметкер туралы айтпады. Ол – анестезиолог-дәрігер Сабыржан. Ол бірнеше күн бұрын ғана ішіне ота жасатқан. Дәл ота жасатқан жерінен соққы алды”, – деді ол.
Еске салсақ, Талғар аудандық ауруханасында жанжал шығып, марқұмның туыстары дәрігерлерді ұрып-соққаны хабарланды. Бұл жағдайға депутат та, министрлік те пікір білдірді.