«Бізді базармен салыстырмаңыздар!» Ісмер әйел қыз жасауын тігуден түсетін пайда туралы айтты 30 октября 2023, 11:55

Қызылордалық тігінші Шайхы Өтепованың әр күні тігін машинасының алдында өтеді. Көптеген жыл базарда сауда жасаған ол 3 жыл бұрын кәсіп ауыстырды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шайхы Өтепова Қазалы ауданының орталығында тұрады. Бүкіл жұмыс үйінің бір бұрышында бітеді. 3 жылдан бері қанша сәбидің бесік жапқышын, қанша қыздың жасауын тіккені есінде жоқ.

«Қыз жасауының құрамында 6 көрпе, 4 жастық, махаббат, құда-құдағай топтамасы, шәй көрпе болады. Сонымен қатар, шымылдық, сәукеле, сөмке, тағы сол сияқты дүниелер тігеміз», — деді ол.

Ісмер әйел жұмыс жүктемесі көбейген кезде ғана қос көмекшісіне жүгінеді. Басқа уақытта тапсырысты бір өзі бітіруге тырысады. Кез келген бұйымның тігісі, ою-өрнегі, ұсақ-түйегіне дейін тап-тұйнақтай болғанын қалайды. Көмекшілерінен де соны талап етеді.

«Көрпе-төсектің жібін мұқият өріп тігемін. Сол кезде ол матаның сыртына шықпайды, жалбырамайды. Ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарайды. Базардағы сырттан әкелінген дүниелердің алқам-салқамы шығып, оюы немесе құрағы бір-біріне сәйкес келмейтінін көріп қынжыламын. «Біз бен базарды салыстырмаңыздар!» деймін клиенттерге», — деді Шайхы Өтепова.

Ұзатылатын қыздың жасауын ол көмекшілерімен бірге бір айда тігіп аяқтайды. Сондағы таза пайда 100 мыңнан аспайды екен.

Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.