Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысына арналған кеңес өткізді. |
Басқосуға Президенттің көмекшілері мен кеңесшілері, Үкімет басшылығы қатысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау үшін Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндама жасады.
Президент Әкімшілігі Басшысының айтуынша, Жолдау ел экономикасын қайта құруға және экономикалық серпіліс жасауға бағытталған жүзден астам нақты тапсырманы қамтиды.
– Орталық және жергілікті атқарушы органдар Президент тапсырмаларын орындау үшін барынша жедел әрі толыққанды шаралар қабылдауы қажет. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері жуық арада Жолдаудың нақты нәтижесін сезінуі керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.