"Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің ісі сотқа жетті

Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген мен қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) қатысты қылмыстық іс сот қарауына жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Осы жылдың 4 қыркүйегінде қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді. Әзірге сот отырысының қай күні басталатыны белгісіз, яғни белгіленген жоқ»,- деп хабарлады Алматы қаласы сотының баспасөз қызметінен.

Еске салайық, Қайрат Құдайберген өткен жылдың 22 сәуірінде ұсталды. 24 сәуір күні сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылып, Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі үздіксіз ұзартылып келді.

Қ.Құдайбергенге «Дикий» Арманмен бірге қаңтар оқиғасы кезінде адам жинауды ұйымдастырды деген айып тағылған. Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.

Ал «Дикий Арман» лақап атымен танылған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.

Кейін ҚР Бас прокуратурасы «Дикий Арманның» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі сан мәрте ұзартылды.

Жуырда адвокат Олег Чернов өз қорғауындағы Арман Жұмагелдиев азаптау ісінде жәбірленуші ретінде танылғанын мәлімдеді.