Ауыл шаруашылығының маңызды бөлігі мал шаруашылығын кәсіп етіп, нарыққа мал базарының орнын басар жарнамалық сайты мен жем-шөп турағыш техникаларын шығарып жүрген Әбдірайымов Ербол Аманжолұлымен тілдесіп көрдік. Ата кәсібіміздің қазіргі жай-күйі қандай? Осы төңіректе нендей мәселелер орын алып жатыр? Мал өсіру қазір тиімсіз екені рас па? |
Caravan.kz медиа-порталы тілшісі Maltabu.kz сайтының иесі Ербол Аманжолұлынан сұрап білген еді.
- Бүгінгі қоғамда мал өнімдерінің маңызы қандай болып тұр?
Мал шаруашылығы негізінен елді азық-түлікпен жеңіл, тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз етеді. Сондай ақ, ауыл шаруашылығы өндірісін тыңайтқышпен қамтамасыз ететін сала.
Бізде сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара тұқымдары өсіру кең таралған. Етті бағыттағы ірі қара мал тұқымдары да маңызды рөлде. Ет өнімінің мөлшерінің көп болуымен қатар сапасы да сәйкес жоғары болу қажет. Ірі қара түліктер арасында түйеге тоқтала өтсек, оның берер өнімдерінің барлығын да табиғи тауар, құнарлы тағам түрінде пайдалануға әбден болады. Түйе етін өндірудің арнайы өзіндік технологиясы да жоқ емес. Шаруалар соны ескеру арқылы ұтады. Түйенің етінен бөлек, сүті де талай жанның дертіне дауа. Бүгінде оған дәлел түйе сүтімен емдейтін арнайы орталықтар мен ауруханалар. Оның құрамында бар түрлі дәрумендер жүздеген ауруға ем. Түйе сүтінен соң тағы бір маңызды өнім — түйе жүні. Жүн – түйе шаруашылығының ең бір бағалы кіріс көзі. Түйе жүніне деген сұраныс елімізде ғана емес алыс-жақын шетелдерде де бар. Одан түрлі бұйым, киім-кешек жасауға болады. Мал шаруашылығы берер өнімдерді дұрыс өндіруді игерсек, ел экономикасына да орасан пайдасы болар еді.
- Биыл жұттан қауіп бар ма?
Жұттың келу, келмеуі бір Құдайға белгілі. «Биыл келмейді екен» деп шаруаға бейқам отыруға болмайды. Шөптің шүйгін болуына жауын-шашынның сөзсіз әсері бар. Бірақ осы шаруашылықпен айналысқаннан кейін барлығына дайын болу керек. Мүмкін болса, бір жылға жетер азықты қорда сақтаған жөн. Көнекөз малшылардың бәрі де осолай істеген. Қыстан артылған шөпті ұқыптап жинап қоятын болған.
- Жем-шөптің бағасы мал шаруашылығы дамуына әсер ете ме?
Жем-шөптен бөлек, жанар-жағармайдың бағасы да қымбат. Жем-шөптің өзі қораға келіп жинала салмайды. Оны орасыз, кептіріп престейсіз, тасымалы тағы бар. Оның бәрі техниканың күшінсіз болмайды. Ал, техниканың ауамен жүрмейтіні анық. Иә, үкіметтен арзан бағамен солярка беріледі. Бірақ, ол қарапайым, ауылда мал бағып отырған азаматтарға жетпейді. Ірі шаруа қожалықтарының иелерінде қала берді субсидиясы бар, басқасы бар, барлығының рахатын көріп отыр. Олардың мұртын балта шаппайды. Аз десеңіз, малдары да сақтандырылған. Ертең жұт болып, малы қырылып қалатын болса, Үкіметтен әр басына ақша алады. Қарапайым шаруаларға ондай жайлы жағдай жоқ, өкінішке орай.
- Сайттарыңыз алғаш өз жұмысын қашан бастады?
Maltabu.kz ең алғаш рет жұмысын 2018 жылы сәуір айының бесінші жұлдызында бастады. Биыл сайтымыздың ашылғанына 5 жылдық мерейтойын атап өттік!
Сайтты ашудағы басты мақсатымыз қарапайым халық ешқандай алып сатарларсыз малын және егін шаруашылығы өнімдерін, құртын, сүт-майын үйінде отырып-ақ сатып, тұтынушы тапса дейміз. Былайша айтқанда бұл сайтымыз көбіне ауыл халқының игілігі үшін. Ауылдағы ағайынға бұрыңғыдай базарға барып қиналудың қажеті жоқ, сайтқа тегін хабарландыру берсе болғаны және «барлығы тегін» деген сөзді астын сызып айтқым келеді.
Онан бөлек, бәріміз ет жейміз. Сол еттің бағасы ортадағы делдалдардың арқасында күннен күнге аспандап отыр. Олардың саны азайса ет бағасының төмендеуіне де әсері болар еді.
- Қомағай аппараттары туралы айтып өтсеңіздер?
Төрт жылдам астам Қазақстан нарығында жем-шөп турайтын аппараттарды өндіруді қолға алған Қомағай компаниясы мен Малтабу сайтын “бір үйдің балалары” деуге балады.
Қомағайдың басты міндеті — мал шаруашлыған аса қажетті отандық, сапалы өнімді ұсыну және Қазақстандағы шағын бизнесті дамыту. Елімізді өндіріс нарығында жоғары сатыға көтеру. “Қомағай” күннен-күнге тұрақты дамып келе жатыр. Компания ұсынатын негізгі өнімдер – жем-шөп турайтын құрылғылар. «Қомағай» төрт түлік мал өсіретін шаруа қожалықтарға арналған заманауи құрал-жабдықтар өндірісін қолға алды. Себебі, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуы мал шаруашылығына тікелей байланысты. Ал бұл саланың дамуы үшін сапалы техника мен заманауи құрал-жабдықтар әлбетте қажет.
- Тұтынушыларыңыз көп пе?
Қазір кез-келген қазақстандық шаруа біздің жем-шөп турайтын аппараттарымыз туралы бір рет те болсын естігені өтірік емес. Кейде тіпті жасап үлгермейміз! Көктем, күз айларында сұраныс көбейе түседі.
- Болашақ тізгінді ұстайтын жастар туралы айтсақ, жЖалпы, жастардың мал шаруашылығына қызығушылығы бар ма?
Ата кәсібіміз – мал шаруашылығына қазір жастардың қызығушылығы баяулау екені рас. Осы жайт мені қатты алаңдатады. Төрт түліктің бабын тауып, тіпті өнімін үйлестірудің де ретін толық біліңкіремейтін жастар бар.
Жастар малға барғысы келмейді. Мал бағу ата кәсіп, ендеше, неге жастарымызды осы кәсіпке қызықпайды?! Бұрынғы заманда тері, жүн деген далада қалмайтын. Кеңестік кезеңде Семейде жүн қабылдайтын, жүнді алғашқы өңдеу кәсіпорны жұмыс істеді. Үш ауысымда жұмыс істегендіктен халық жұмыспен қамтылып, қалада өнеркәсіп дамыды. Текемет шықты, пима басты. Ал қазір халық жүнді қайда өткізерін білмейді. Малды бағып қағып өсірген еңбек көк тиын болып жатқан соң, жастар қызықса да тәуекелге бара алмайды.
- Демек қазір мал кәсібімен айналысу тиімсіз бе?
Қазіргі таңда 10 шақты қой-ешкімен байлардың қатарына қосылу қиын. Малдан пайда көрсе, тек алпауыттар ғана көреді. Онда да өз жері, заңгері, кеңсесі барларды айтуға болады.
- Бұрынғы тері өткізу үрдісі қазір мүлде жоғалып бара жатқан сияқты.
Кезінде Семей мен Таразда жүн өңдейтін зауыттар болушы еді. Оның бәрі де жекенің меншігіне өтіп кетті де, кейінірек тіпті жоқ болып кетті. Біз жүн өткізіп отырған Қытаймен байланысымызды үзбеуіміз керек еді деп ойлаймын. Бүткіл шаруалар жүн өткізіп, онымен жем-шөбінің шығынын жауып отырған еді. Қытай халқының саны белгілі. Бар шаруаны, өзіміз әрімен қарай дөңгелете алмай отырғанымыз өкінішті.
- Сұхбатыңызға рақмет