Айтыскерлер Атыраудың мұнайын жырға қосты

Кеше, 24 тамыз күні Атырауда Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ембімұнайгаз» АҚ-тың құрылғанына 95 жыл толуына орай «Ембімұнайгаз» – қазақ мұнайының «қара шаңырағы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

«Ембімұнайгаз» компаниясының қолдауымен өткізілген айтулы додаға көрерменнің көзайымына айналған Балғынбек ИМАШЕВ, Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА, Жәкен ОМАРОВ, Нұрлан МҰСАЕВ, Сара ТОҚТАМЫСОВА, Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, Салауат ИСАХАЕВ, Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ сынды жыр сүлейлері қатысты. 700 орындық драма театрдың залында ине шаншар жер қалмай, есіктен ентелеген көрермендердің ақынға жасаған қошеметі халықтың айтысқа шөлдеп келгенін аңғартып тұрды.

Айтыстың алғашқы жұбы жергілікті ақын, әрі мұнайшы Сырымбек Сәрсенбаев пен сөз сайысының жас саңлағы астаналық Жандарбек Бұлғақовтың арасында өрбіді. Ақындар екеуара әзілдесіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерге де барысты. Атыраудың мұнайы елімізді өтпелі кезеңде дағдарыстан құтқарғанын айтып сөз додасын бастаған Сырымбек өзінің қызмет орны «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорнын мерейтойымен құттықтап, мұнайдың арқасында Үйшіктің хан сарайына айналғанын жырмен жеткізді. Қарсыласын байланысқа шақырған Сырымбек оның астаналық екенін арқау етіп:

«Ембімұнайгаз» – қасиетті «қара шаңырақ»,

Алты алашқа пайдалы көз болып тұр.

Сен тұратын қаланы да салған еді,

Күн санап бара жатыр өзгеріп бір.

Бүгін сенің жырыңмен мұнайшыларға

Алғысыңды айтатын кез келіп тұр», — деп астаналықтардың Атырауға қарыздар екенін жырға қосты. Өз кезегін алған Жандарбек те сөзден тосылған жоқ:

«Кешегі ұлы Отан соғысында,

Осы мұнай болмап па еді дәрі нағыз.

Мәскеуге тонналаған мұнай беріп,

Тас кеуде төтеп бердік жауыңа біз.

«Ембімұнайгаз» берген шикізатпен

Одақты асыраған тағы да біз.

Сондықтан, жалғыз ғана Астана емес,

Ембіге Ресейің де әлі қарыз.

КСРО-ның кіретін құрамына

15 мемлекетіңнің бәрі қарыз», — деп жауап қайырып,

«Атырауым, армысың қонағыңа,

Көңілінің көрсеткен ең ыстығын.

Батыстың баласы мен даласынан

Байқаймын батырлықтың мен ұшқынын.

Қыз болса да қан кешіп қабырғадан

Хиуаздар жақындатқан жеңіс күнін.

Жұмекен Әнұранын жазып кетті

Даланың жырға қосып кеңістігін.

Жер астының байлығы мұнай болса,

Байлығы өздерің ғой жер үстінің», — деп атыраулықтарды төбесіне көтерді.

Айтыс барысында ақын көптен республикалық айтыста көрінбей кеткенін де жырға қосып:

«ЭКСПО-да айтысам деп жүр едім,

Шықпауымның себебін сұрарсыздар.

Ақындар бірдеңені бүлдіреді деп.

Айтысты болдырмады бір арсыздар.

Қазақтың төл өнерін көре алмады

Испандар, итальяндар, француздар.

Сөйттім де, Атырауға алып ұштым

Сырымбек ағамыздың коллективі,

Маған да жақсылап қол ұрарсыздар.

ЭКСПО-ға жіберген ұстаздардай,

Зорлықпен кеп тұрмаған шығарсыздар», — деп халықты қыран-топан күлкіге қалдырса, енді бірінде мұнайдың игілігін сөз ете келе:

«Кейбір елде мұнай бар, астана жоқ,

Сен қайта қуансайшы бар болғанға.

Көз жасы көл боп отыр талай халық,

Қала түгіл, сала алмай аудандар да.

Мұнайды игілікке пайдаланып,

Ал, қазақ жетіп жатыр заңғарларға.

Соғысқа қару-жарақ болып кетпей

Май тураған пышақта арман бар ма?», — деп қара алтынның игілікке асуына тілегін білдірді.

Сырымбек өндіріс орнының 95 жылдық тарихында мұнайшылардың маңдай тері жатқанын айтып, қарсыласына «Астанада журналистсің, айтыс пен той қуалап жүргеніңде, жұмысыңды кім жасайды?» деп сынады. Оған Жандарбек:

«Құмға сіңген судай боп жоқ боп кетеді,

Тойдан тапқан ақша мен ұтқан бәйгі.

Ақынмын деп шалқайып жатып алсам,

Аузыма өзі келіп сүт тамбайды.

Қолыңды қалтаңа сап жүре берсең,

Қалтаңда қолдан басқа түк болмайды», — деді.

Бұдан соң Сырымбек қарсыласының айтысқа шапансыз келгенін бір сынап, енді бірінде:

«Тірілер жер таппай жүргенде Астанаға,

Басшылар пантеон сап берсем дейді.

Ел есінде қалады абыройлы іс

Қадірің қабіріңмен өлшенбейді», — деп Астанадағы мәселені көтерді.

Айтыс осы жерден қыза түсіп, көрермен Жандарбектен демін ішке тарта жауап күтті.

Осы сәтте Жандарбек:

«Шапансыз келсем, мұнда саясат бар

Бұл жақты зерттедім зерделедім,

«Ембімұнайгаз» деген – «қара шаңырақ»

Асырып жатыр екен ел беделін,

600 миллиондай теңге беріп

Бюджеттен аямайды зор көмегін.

Ол аз десе 300-дей студенттің

Оқуына төлейді теңгелерін.

Осындай жомарттықты естіген соң,

Маған да шапан жауып қала ма деп

Екі иықты босатып келген едім»,- деп халықымыздың қонақжайлығын сөз етіп, ал, пантеон жөнінде айтқанына:

«Сендерде «АНПЗ» дейтұғын бір зауыттан

Ауырды деп жылап жүр бәрі басым.

Ұйықтағандар таңертен тұрмай қалып,

Мәйіттердің боп жатыр саны басым.

Тірілердің ауасын жөндеп бермей,

Өлілердің моласын не қыласың?

Улы газды жұта берсең, өзің де ертең

Біз салған пантеоннан табыласың», — деп әзіл шыны аралас өлеңмен түйреді.

Сырымбек те қалыспай:

«Лас ауаға үйренгеніміз соншалықты,

Таза ауа жұта алмайтын болып қалдық, — деп қайырды.

Айтыстың екінші жұбы маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен астаналық Сара Тоқтамысова болды. Айтыстың көрігін қыздырған ақын Сара:

«Сіздерде байлықта бар басқа да бар,

Көңілім өздеріңе құлай береді.

Осындай өсер елдің пендесіне,

Рыздық, несібені құдай береді.

Шұлғауына береке байланғанның,

Шарбағының ішінен мұнай береді», — деп батыстағы халықтың ниетіне риза екенін жеткізді.

Жәкен Омаров пен жергілікті ақын мұнайшы Салауат Исахаевтың арасындағы жолдастық айтыс та көпшіліктің есінде қалды. Айтыстың соңын Балғынбек пен Айнұр шоу айтыспен түйіндеп, ақындардың бағасын халық қошемет арқылы берді.

Айтыстың соңында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков ақындардың иығына компанияның атынан шапан, камзолдар жауып, көрерменге рухани демалыс сыйлаған өнерпаздарға мұнайшылардың алғысын жеткізді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор