«Ислам мемлекеті» ұйымы Ирандағы жойқын жарылысты өз мойнына алды

Иранның Кермане қаласындағы зиратта болған екі жарылыс 84 адамның өмірін қиды

«Ислам мемлекеті» ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған) төрт жыл бұрын өлтірілген Ислам революциясы сақшылар корпусының қайраткері Касем Сулейманиді еске алуға арналған іс-шарада болған жойқын жарылыстардың жауапкершілігін өз мойнына алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.

Иранның Кермане қаласындағы зиратта болған екі жарылыс 84 адамның өмірін қиды. Олар Иранның Израиль және АҚШ-пен қарым-қатынасы шиеленіскен тұста болып отыр.

«Ислам мемлекеті» телеграмдағы аккаунтында жарылысты белбеуі және жарылғыш заты бар екі ізбасары ұйымдастырғанын хабарлады.

Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары бұған дейін кем дегенде бірінші жарылысты жанкешті лаңкес ұйымдастырғанын, екіншісі де солай болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Иранның жоғары жетекшілері, оның ішінде рухани көшбасшысы Хаменеидің өзі бұл зұлымдыққа кінәлілерден кек алатынын мәлімдеп, бірақ нақты кім екенін айтпаған еді.

Жарылыстан кейін елдің көптеген қалаларында адамдар жиналып, «Америкаға өлім» және «Израильге өлім» деп ұрандатты.

«Ислам мемлекеті» — сүнниттік топ, ал Иран — шииттік мемлекет. Исламның бұл екі тармағы бір-біріне жау.

Бұған дейін Иранның оңтүстігінде Керман қаласындағы моланың жанында болған екі жарылыс салдарынан кемінде 103 адам мерт болып, 170-тен астам адам жарақат алғаны хабарланды.

Сонымен қатар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Керман қаласында болған лаңкестік әрекеттен көп адамның қаза табуына байланысты Ибрахим Раисиге көңіл айтқан болатын.